Новости КАЗ

Регрессниктердің реніші: қарағандылық кеншілер қартайғанда қорғансыз қалғанын айтып шағымданды

Регрессниктердің реніші: қарағандылық кеншілер қартайғанда қорғансыз қалғанын айтып шағымданды

Көмір шахталарында жарақат алып, кәсіптік ауруға шалдыққан қарағандылық кеншілер жеңілдікпен ем алу мүмкіндігінен және ақшалай өтемақыдан айырылып қалғандарын айтып «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының Қарағанды облысындағы өкілдеріне хабарласты.

Айтуынша 2015 жылы азаматтық кодекске енгізілген өзгерістер олардың жағдайын нашарлатып жіберген.

«Бұрын санаторлық-курорттық ем, дәрі-дәрмек, балдақ, тыныс алуға арналған дәрілердің барлығы сақтандыру компаниясының есебінен өтелетін. 63 жастан кейін адамдар осы мүмкіндіктерден айырылып отыр. Барлық ақшамызға дәрі сатып аламыз, тіпті тамаққа жетпей қалады. Бұл адамның конституциялық құқықтарын бұзу, халықаралық «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны» бұзу деп есептейміз», дейді «UAQYT» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Наиль Юсупов. Ол Костенко атындағы шахтада 35 жыл комбайншы болып жұмыс істеген.

Бірлестіктің мәліметінше, бұрынғы «Арселор МитталТеміртау» көмір департаментінде 3,5 мыңға жуық регрессші-кенші бар. Олардың барлығы кәсіптік ауруға шалдығып, «регресске» шыққандар. Көпшілігі «қара өкпе» дертіне, яғни пневмокониозға шалдыққан , тірек-қимыл аппаратында, омыртқасында және т.б. аурулары бар. Кеншілердің айтуынша бұл аурулардың көбі емге жатпайды.

«Заңды қабылдағандардың ойынша, 63 жылдан кейін біздің денсаулығымыз жақсарып кетуі керек екен. Бұл не сандырақ?!Біз мұндай заңды құжаттар сақтандыру компаниялары мен жұмыс берушілердің ығына жығылып жазылмауы керек. Сақтандыру төлемдері қайтарылсын, ең болмағанда азық-түлік себеті көлеміндегі ең төменгі төлем – 43 мың теңге болса да». Бүгінгі таңда регрессшілердің көбі ең төменгі зейнетақы алады, өйткені денсаулығына байланысты жоғары зейнетақыға үлгермеген.

«Әділдік және Өркендеу» қорының Қарағанды филиалының өкілдері ардагер кеншілермен кездесіп, олардың еңбектері мен үлесі елеусіз қалмауы үшін жан-жақты көмек көрсететінін жеткізді.

«Регрессті төлемдер – бұл әлеуметтік көмек емес. Бұл қызметте жүріп денсаулығынан айырылған адамдарға төленетін өтемақы, ел экономикасының тұрақты дамуына үлес қосқан еңбек адамдарына мемлекет тарапынан берілуі тиіс алғыс. «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры осындай жұмысшыларды қолдап, олардың еңбектері мен үлесі елеусіз қалмауы үшін жан-жақты көмек көрсетеді», - деп атап өтті Қарағанды филиалының басшысы Жәнібек Мейірханұлы.