Новости КАЗ

Қордың Жетісудағы өңірлік филиалының белсенділері көпбалалы отбасылардың проблемаларына назар аударды

Жетісудағы «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының өкілдері көпбалалы отбасына материалдық көмек көрсетті. Қоғам белсенділері өңірде халықтың әлеуметтік қорғалмаған санаттарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұрғанын анықтады.

Қоғамдық ұйымның Жетісудағы белсендісі Айдар Хаджимуратовтың айтуынша, Қорға кәмелетке толмаған бес баласы бар әйел жүгінді.

«Бұл отбасы Талдықорған қаласындағы апатты үйде пәтер жалдап тұрады. Көпбалалы әйел баспана алу үшін шамамен 10 жыл бойы кезекте тұр, бірақ осы уақыт аралығында еш қозғалыс болмады. Құралай ай сайын бір бөлмелі үйге 55 мың теңге төлеп отыр. Пәтерде ылғалдылық жоғары, ауа қапырық, іште шіріктің иісі сезіледі. Мұнда тұру мүмкін емес. Құралайдың ұлдарының бірі - 1 топтағы мүгедек, бала өздігінен жүрмейді, оған үнемі күтім қажет, сондықтан нәзік жанды жұмысқа шыға алмайды. Қазір бұл отбасы тек балалардың жәрдемақысының арқасында күн көріп отыр», - деп хабарлады қоғам қайраткері.

Көп балалы әйелдің ұлына мүгедектер арбасы берілді, бірақ ол тым үлкен болғандықтан бөлмеге сыймайтын көрінеді. Салдарынан арбаны пайдалану мүмкін емес.

Қиын жағдайға тап болған әйел адамға қолдау көрсету үшін «Әділдік және Өркендеу» Қорының белсенділері Айдар Хаджимуратов пен Сергей Тандеев отбасыға қажетті азық-түлік сатып алды.

Қоғам белсенділерінің айтуынша, Қор өкілдігінің көмегіне тағы бірнеше көпбалалы отбасы жүгінді, олардың барлығы баспанаға мұқтаж.

«Талдықорғанда тұрғын үй кезегінде 15 мыңнан астам отбасы тұр. Олар, негізінен, халықтың әлеуметтік осал топтары. Бұл азаматтар 10-20 жыл бойы баспана алу үшін кезекте тұр, олардың тұрмыстық жағдайы өте төмен. Қазір бұл адамдарға қаржылай қолдау қажет», - деді белсенді.

Қор өкілдері қоғам назарын әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған азаматтардың проблемаларына аударуға ниетті.

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының мақсаты әрбір қазақстандықтың мүддесіне сай келетін әділ қоғам құруға бағытталған. Ел өңірлерінде Қордың қоғамдық қабылдаулары ашылды, мұндағы мамандар халықпен тікелей жұмыс істейді. Олар жұртшылық үшін маңызды проблемаларды көтеріп, түйткілдерді шешу жолдарын бірлесіп іздестіруге дайын. Бұған дейін Қордың Маңғыстау облысындағы өңірлік филиалының өкілдері қиын жағдайға тап болған жалғызбасты қарттарға көмек көрсеткен болатын.