Новости КАЗ

Колледждерді қаржыландырудың жаңа нормативі қабылданды – не өзгереді?

Мемлекет колледждерді жан басына шаққандағы қаржыландырудың жаңа нормативін қабылдады. Қазіргі уақытта бір студентті оқытуға бөлінетін қаражаттың орташа мөлшері 437 мың теңге болса, келесі оқу жылынан бастап нақты көрсеткіштерге жеткен колледждер үшін ол орташа есеппен 912 мың теңгеге жетеді, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру мақсатында үкімет жұмысшы мамандықтар жылын ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспарды бекіткен болатын. Сондай-ақ министрлік кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасын қабылдады.

Бүгінде Қазақстанда кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 772 колледж жұмыс істейді, онда 565 мың студент оқиды.

Өзекті мәселенің бірі – оқу орнын заманауи материалдық-техникалық құралдармен жабдықтау, ғимаратты жөндеу. Мәселен, Павлодардағы сервис және тамақтану колледжінің студенттері жарты ғасырдан бері бұрынғы сауда базасының ғимаратында оқуға мәжбүр. Колледжді шұғыл жөндеу қажет. Бас ғимаратта орын жоқ, ал қосымша корпус жарамсыз, шатыры ескі. Ғимаратты жаңарту үшін шамамен 106 млн теңге керек. Материалдық-техникалық база 12 жылдан бері жаңартылмаған.

Оқу орнының жетекшісі Гүлмира Шұғабаева жергілікті бюджеттен қолдау боларына үміттеніп отыр.