Новости КАЗ

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының өкілдері «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясына қатысты

«Халық заңгері» шарасына «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ елордадағы филиалының жетекшісі Ләззат Ахатова, сондай-ақ заңгерлер, адвокаттар мен мемлекеттік орган өкілдері қатысып, құқықтық көмек алуға келген азаматтардың мәселелерін тыңдап, кәсіби кеңестерін берді.
«Іс-шараның басты мақсаты – Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтық сауатын арттыру, тегін заңгерлік кеңес арқылы түйіткілді мәселенің шешімін табу. Астана қаласы бойынша 11 мемлекеттік орган қызметкерлері, Заң консультанттары палатасының мүшелері, Астана қаласының адвокаттар алқасының мүшелері және де жеке нотариустар қатысты», - деді акция қатысушысы Астана қаласы Әділет департаментінің мүшесі Дінмұхамед Бахытұлы.

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының заңгерлеріне тұрғын үй-коммуналдық сала, ажырасу кезінде мүлікті бөлісу, жер дауы, алаяқтық істер, жұмыспен қамтамасыз ету, жалақының дер кезінде берілмеуі сынды көкейтесті мәселелер бойынша сұрақтар түсіп, Ләззат Ахатова заңгерлік кеңестерін берді. Айта кетерлігі, «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының заңгерлері азаматтарға еңбек даулары бойынша тегін кеңес беріп, көмек көрсетуге әзір. Сонымен қатар еңбек қатынастары бойынша онлайн, әрі оффлайн кездесулер ұйымдастырады.

Естеріңізге салайық, «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ белсенділері халыққа заңгерлік көмек көрсету үшін еліміздің бірқатар өңірінде қоғамдық қабылдаулар ашты. Олар қысқа мерзімде өз жұмысының жоғары тиімділігін көрсетті. Қазірдің өзінде мұндай қабылдаулар Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Ақтау, Ақтөбе қалаларында жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта Қор бұл бағыттағы жұмысын жалғастырмақ.