Новости КАЗ

БҚО қоғам белсенділері су тасқынының алдын алу шараларына қатысып жатыр

Батыс Қазақстан облысында үлкен судың келуіне қарқынды дайындық жүргізілуде. Өңірде су тасқынына қарсы бөгеттер салу және нығайту шаралары жалғасып жатыр. Оған «Әділдік және Өркендеу» Қорының белсенділері де жұмылдырылды.

Негізгі жұмыстар облыстағы су басу қаупі жоғары 14 ауданда жүргізіледі.

«Су тасқынына қарсы бөгеттер Зашаған кентіндегі «Оралтранс» ЖШС аумағында салынып жатыр. Адамдар тәулік бойы жұмыс істейді. Қала аумағындағы қауіпті жерлерді нығайту үшін құм салынған қаптарды дайындауға және бөгеттер салуға кәсіпорын жұмысшылары, сондай-ақ қаланың барлық бей-жай қарамайтын тұрғыны жұмылдырылған. Бір нысанның өзінде ғана 600 - ден астам ерікті көмектеседі», - деді «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ өңірлік өкілдігінің жетекшісі Асыланбек Губашев.
Қоғам қайраткерінің айтуынша, негізінен еріктілер бөгеттерді нығайту және құм қаптарын дайындаумен айналысады. Нысандардағы жұмыстар ауысыммен жүргізіледі. Түнде бұл жерге қала жолдары мен тұрғын үйлер бойымен қап салатын әскери қызметшілер келеді.
Еріктілер, өңір тұрғындары мен әскери қызметшілердің жалпы күш-жігерімен Орал қаласында ұзындығы 17 шақырымға тең қорғаныс бөгеті нығайтылды, бұл жұмысқа 2700 адам қатысты. Су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге 500-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды.
Естеріңізге сала кетейік, су тасқыны кезінде «Әділдік және Өркендеу» Қорының барлық 7 қоғамдық қабылдауы қиын өмірлік жағдайға тап болған өңір тұрғындарына гуманитарлық жүктерді жинау және жеткізу, сондай-ақ еріктілерді үйлестіру міндеттерін қолға алды. Қоғам белсенділері бөгеттер мен қорғаныс құрылыстарын салуға қатысады. Сонымен қатар Қоғамдық қор қызметкерлері су тасқынынан зардап шеккен облыс тұрғындарының атына бір күндік табысын аударды.