«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының Ақмола облысындағы белсенділері Петропавл қаласына гуманитарлық жүк жөнелтті
Тұтас елдің шыбын жанын шүберекке түйгізген су тасқынының салдарынан еліміздің бірнеше облысында жарияланған төтенше жағдай кезінде «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының ақмолалық белсенділері де бей-жай қала алмады.
Бүгін олар Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің құқықтану кафедрасы, «Жастар парламенті», «Желтоқсан 1986 Ақмола» қоғамдық бірлестігі және Көкшетау қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, Петропавловск қаласындағы су астында қалған 2 мыңнан астам үйдің тұрғындарына гуманитарлық көмек жөнелтті.
Қоғам белсенділері зардап шеккен аймаққа қазіргі уақытта ауадай қажет болып тұрған ауыз су, ұн, өсімдік майы, макарон, пияз сияқты барлығы 1,5 тоннадан астам азық-түлік өнімдерін жіберді.
«Елімізде қарғын судың салдарынан зардап шегіп жатқан өңірлерге Ақмола облысының қоғамдық ұйымдары мен іргелі ұжымдар көмек беруін жалғастырып жатыр. Көкшетау қаласында «Әділдік және Өркендеу» Қоры, Шоқан Уәлиханов университетінің «Жастар парламенті», қалалық әкімдіктің қолдауымен Петропавл қаласына қайырымдылық көмек жолдап отырмыз. Елімізде топан суға қарсы осындай жақсы істер көбейіп жатыр. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қиындықтар болмасын. Елдің басына төнген қиындық - ол бәрімізге ортақ. Осындай қиын-қыстау шақта бәріміз бірігіп атсалысуымыз керек деп ойлаймын», - деді «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының Ақмола облысындағы жетекшісі Бақыт Смағұл.
Айта кетерлігі, азық-түлік пен керек-жарақ тиелген жүк аман-есен Петропавл қаласына жеткізілді. Қор белсенділері алдағы уақытта түрлі ұжыммен бірлесіп, су тасқынынан зардап шеккен басқа аймақтарға да көмек көрсетуді жоспарлап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, су тасқыны кезінде «Әділдік және Өркендеу» Қорының Түркістан облысы, Шымкент және Астана қалаларындағы өкілдері де зардап шеккен өңірлерге гуманитарлықжүктер жіберген болатын. Ал, су тасқыны болған аймақтағы белсенділер құтқарушылармен бірге бөгеттер мен қорғаныс құрылыстарын салуға қатысып жатыр. Сонымен қатар Қоғамдық қор қызметкерлері су тасқынынан зардап шеккен облыс тұрғындарының атына бір күндік табысын аударды.