Новости КАЗ

«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ Шымкенттегі өкілдігі су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жіберді


«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ Шымкент қаласындағы белсенділері еліміздің бірнеше облысында жарияланған төтенше жағдайға бей-жай қарай алмай, су басқан өңірлерге қажетті заттарды жинап, гуманитарлық жүкті қаладағы арнайы құрылған штабқа жеткізді.
Бұған дейін Қор белсенділері су тасқынынан зардап шеккен аймақтармен байланыс орнатып, ең қажетті азық-түлік пен керек- жарақтар тізімін әзірледі.
Соған сәйкес гуманитарлық көмек ретінде 200 келіден астам ұн, 400 келіден астам макарон, 50 дана резеңке етік, 50 дана қол шамдары, маңдайға ілетін 50 шам, 1 мың қапшық және 50 күрек жиналды. Бұл жүктерді әзірлеуге «Әділдік және Өркендеу» Қорының белсенділерімен бірге шымкенттік кәсіпкерлер және Қазақстан халқы Ассамблеясы атсалысты.
«Елімізде болып жатқан су тасқынына байланысты жергілікті қоғамдық ұйымдар өздерінің үлестерін қосып жатыр. Сол себепті «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қоры да бұл шарадан тыс қалмай, «Ерасыл» ЖШС-мен бірлесе отырып, үлкен судан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек жинады. Барынша қолымыздан келгенше, қол ұшын созып жатырмыз»,-деді Қордың Шымкент қаласындағы өкілі Эльенора Ағабекқызы
Гуманитарлық көмек тиелген алғашқы жүк көлігі СҚО-дағы Петропавл қаласына жол жүріп кетті. Енді Қор белсенділері су басқан басқа өңірлерге де жәрдем беруді көздеп отыр.
Естеріңізге салайық, су тасқыны жағдайында байланысты «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының белсенділері құтқарушылармен бірге бөгеттер мен бекіністер салып, еріктілердің жұмысын үйлестіреді. Олар құм салатын қапшықтар, гуманитарлық көмек жібереді, қаржылай жәрдем көрсетеді. Ал, жақында Қор өкілдері зардап шеккен қазақстандықтардың атына бір күндік жалақысын аударды.