Өнеркәсіптік кәсіпорындардағы еңбекті қорғау жөніндегі Қоғамдық комиссия құрылды
«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының бастамасымен Қазақстанның өндірістік өнеркәсіптеріндегі қауіпсіздік техникасы бойынша қоғамдық комиссия өз жұмысын бастап кетті.
Оның төрағасы болып, Қордың Ұлытау өңіріндегі белсендісі Шәмші Хамзе тағайындалды. Комиссия құрамына «Қорғау» Көмір өндірушілер кәсіподағының бас техникалық инспекторы Андрей Лукин, ҚР Өртке қарсы және апаттық-құтқару қызметтері қауымдастығының президенті Марат Хасенов, Еңбекті қорғау, өнеркәсіп және өрт қауіпсіздігі саласындағы компания директоры Ахат Димбаев, «Қорғау» Көмір өндірушілер кәсіподағының техникалық инспекторы Юрий Раздоров, Костенко атындағы шахтаның АЖО бойынша желдету және қауіпсіздік техника учаскесі бастығының көмекшісі Асхат Жанабеков, «Әділдік және өркендеу» Қоғамдық қорының Қарағанды облысындағы белсендісі Марина Иневатова, «Казкат» зауытының ыстық металды жұқартушысы Нұрболат Сұлықпаев кірді.
«Өндірістегі қауіпсіздік - инновация, адами ресурстар және жабдықтау сынды үш негізгі тетіктен тұратын ауқымды мәселе»,- деп атап өтті «Қорғау» Көмір өндірушілер кәсіподағының бас техникалық инспекторы Андрей Лукин. Оның пайымдауынша, осылардың бірін болса да үнемдеу қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін.
«Жұмыс берушінің мемлекеттік органдардан жасыратын деректерін анықтау - қоғамдық бақылау мен қоғамдық комиссияның басты міндеті. Жұмысшылар өз қызметіне кіріскеннен кейін, олардың қызметтік нұсқаулық пен Бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығында көрсетілген барлық функционалдық міндетін атқарып жатқандығын тексеру керек. Яғни анықтама қағаздарын жазу, учаскедегі адам саны, технологиялық карталарды алу, кәсіптік міндеттердің орындалуын бақылау қажет. Кеншілер жұмыс істейтін санитарлық-тұрмыстық жағдай, арнайы жабдықтар мен жеке қорғаныс құралдарына да назар аударылуы тиіс. Яғни, қауіпсіздік техникасын емес, өндірістегі жұмысқа дайындықты қадағалаған жөн», - деп түсіндірді сарапшы.
А. Лукиннің пікірінше, біріншіден, Еңбек қауіпсіздігінің қолданыстағы тұжырымдамасында барлық сала маманының пікірі ескерілмеген. Екіншіден, бұл құжат барлық бағытты толық қамти алмайды, өйткені пайдалы қазбалар қауіпті өнеркәсіптік кәсіпорындарда жер асты немесе карьер қазу әдісімен игеріледі. Бұл жағдайда өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелері ескерілуі керек.
«Біз ірі компаниялардың кеніштерінде еңбек қауіпсіздігі ережелері еленбей жатқанын көріп отырмыз. Салдарынан жазатайым оқиғалар тоқталар емес. Осы мәселелердің басын ашу керек. Себебі бұл деректерді қоғам да білуге тиіс. Біз шахталарды аралағанда, ең алдымен, жұмысшылардың пікірін тыңдағымыз келеді»,- деді комиссия төрағасы, тау-кен жұмысшысы Ш.Хамзе.
Сондай-ақ ол нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру қажеттілігін ерекше атап өтті. Осы орайда Қоғамдық комиссия бұл бағыттағы жұмысты ілгерілету үшін ұсыныстар жинамақ. Заңдарды қабылдаған кезде қауіпсіздікті тәжірибе жүзінде қамтамасыз ететін мамандардың пікірін ескерген маңызды. «Олар өндірістегі барлық маңызды тетікті өз көзімен көріп отырады. Маман баспалдақтардың дұрыс орнатылмауынан бастап, тау-кен қазбалары, карьерлердің паспорттарында көрсетілген талаптардың орындалмауы, суды уақытылы сорып алмау немесе жол карталарының сәйкес келмейтініне дейін біледі»,-деді спикер.
«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қоры қауымдастықты комиссия жұмысы жайында хабардар етіп отырады, сараптамалық аудит кезінде айтылатын ұсыныстар ҚР Үкіметіне жіберіледі.
Естеріңізге салайық, ақпан айында өнеркәсіптік кәсіпорындардағы қауіпсіздік техникасы талқыланған дөңгелек үстелдің қатысушылары мен белсенділері «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының жанында Қоғамдық комиссия құру туралы шешім қабылдады.
Дөңгелек үстелге қатысушылар сұрақтардың ауқымды шеңберін талқылап, қорытынды құжат қабылдады.