Новости КАЗ

Қордың Әлеуметтік тұғырнамасы бекітілді

«Әділдік және өркендеу» 2025 жылғы 27 ақпанда барлық өңірдегі өкілдердің қатысуымен өткен онлайн-конференция барысында Әлеуметтік тұғырнаманы бекітті. Бұл күннің таңдалуы бекер емес. Өйткені дәл осы датада Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күні аталып өтеді. Әлеуметтік тұғырнамада еңбеккерлердің құқығын қорғау бойынша қор жұмысының басым бағыттары айқындалған.

Бұл платформа былтыр ақпанда қор негізін қалаушыларының кездесуінде қабылданған манифестің жалғасы деуге болады.

Бір жылда қор белсенділері еңбек ұжымдары, аудан, қала тұрғындарымен 400-ден астам кездесу өткізді. Халық елдегі әлеуметтік және экономикалық мәселелерге қатысты ойын бөлісті. Сондай-ақ құжатқа Қор жүргізген әлеуметтік сауалнамалар да (жол сапасы, медициналық сақтандыру жүйесінің реформасы, мектеп тамағының сапасына қатысты) негіз болды.

Халықтың ой-пікірі ескерілген құжат жобасы биыл қаңтар айында Астанада өткен қор белсенділерінің форумында таныстырылды. Бұдан соң құжаттың мазмұны барлық 20 өңірлік өкілдік, сарапшылар және белсенділердің қатысуымен талқыланды. Әр бөлім мен әр пікір сараланды.

Басым бағыттар

Әлеуметтік тұғырнамада еңбек құқығын қорғау, мемлекет шығыстарының ашықтығын қамтасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын бақылау сынды нақты әрекет жоспары ұсынылған. Құжатта қоғамдық бақылауды күшейту, монополиямен күрес және міндетті ұжымдық шарт арқылы жұмыскерлердің құқығын қорғау шаралары көрсетілген.

Еңбекті қорғау және ұжымдық шарттар. Қор кәсіподақтардың қатысуымен кәсіпорындарда ұжымдық шарттарға міндетті түрде қол қоюды заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынады. Бұған қоса, еңбек жағдайы мен жұмысшылардың қауіпсіздігін тәуелсіз қоғамдық бақылау механизмін құру көзделіп отыр.

Жұмыскерлер табысын арттыру. Ел экономикасының өсімі азаматтардың табысының артуымен қатар жүруге тиіс. Бұған қол жеткізу үшін инфляцияға байланысты жалақыны индекстеу, ең қажетті тауарлардың бағасын шектеу, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін бизнестің дағдарысқа қарсы жарнасын енгізу ұсынылады.

Ұлттық байлықты әділ бөлу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың заңсыз иемделген активтерді қайтару туралы бастамасы қолдау тапты. Елге қайтарылған қаражат әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, өңірлерді қолдауға және халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға жұмсалуы керек.

Мемлекеттік шығыстарға қоғамдық бақылау. Бюджет қаражатын бөлудің ашық тетіктерін енгізу, сондай-ақ қазынаның, оның ішінде Ұлттық қор қаражатының жұмсалуына қоғамдық бақылау жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

Тұғырнама: өңірдегі өкілдердің пікірі

Қор өкілдіктерінің жетекшілері тұрғындарды алаңдататын мәселелерді жақсы біледі. Олар бағдарламалық құжат қазақстандықтардың өмірін жақсарта алады деген ойда.

Шәмші Хамзе, «Әділдік және өркендеу» қорының Ұлытау облысындағы өкілдігінің жетекшісі:

«Әлеуметтік платформа, барлық саланы толық қамтып отырған қорытынды құжат деп саңаймын. Жаңаша еш нәрсе ойлап табудың қажеті жоқ, алгоритм бәрі бар, тек жүзеге асыру керек. Мен кенші болғандықтан, құжаттың еңбекті қорғау және өндірістегі қауіпсіздік мәселелеріне арналған тұсы ерекше маңызды деп есептеймін».

Александр Мандрыкин, «Әділдік және өркендеу» қорының Ақтөбе облысындағы өкілдігінің жетекшісі:

«Әлеуметтік тұғырнама – еңбек адамының мүмкіндіктерін жүзеге асырудағы әділдік пен теңдік қағидаты негізінде қоғамның ортақ мақсаттары мен міндеттері көрсетілген манифесті жалғастыратын құжат.

Тұғырнамадағы шешімдер нақты істерді жүзеге асыруға бағытталған. Жергілікті өзін-өзі басқарудың құқықтық негізі ретінде қоғамдық бақылау жүйесін құру қажеттілігі ерекше аталып өткен. Жұмыскерлердің құқығын қорғаудағы қоғамдық ұйымдардың рөлі анық көрсетілген».

Жангелді Омаров, «Әділдік және өркендеу» қорының Жамбылоблысындағы өкілдігінің жетекшісі:

«Платформа әлеуметтік әділдік, табыстың өсуі және еңбек құқықтарын қорғау мәселелерін көтереді. Әсіресе, өңірлерге назар аударылғаны маңызды.Өйткені мұнда жаңа жұмыс орындарын ашып, өмір сапасын жақсарту қажет. Жергілікті бизнесті қолдау керек. Бұл елорда мен басқа қалалар арасындағы алшақтықты азайтып, тұрғындарға барынша көпмүмкіндік береді».

Мадияр Қожахметов, «Әділдік және өркендеу» қорының Алматы облысындағы өкілдігінің жетекшісі:

«Ұлттық байлықты әділ бөлу мәселесі көтерілген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз иемделген активтерді қайтару үрдісін іске қосты, біздің міндетіміз – қайтарылған қаражаттың шын мәнінде халық игілігіне жұмсалуын қадағалау. Бұл тұста қордың әлеуметтік тұғырнамасы олигархтар тобына әсер ету құралы бола алады».

Бақыт Смағұл, «Әділдік және өркендеу» қорының Ақмола облысындағы өкілдігінің жетекшісі::

«Қордың әлеуметтік тұғырнамасы – қағаз жүзінде қалатын құжат емес, нақты әрекет ету жоспары. Әсіресе, міндетті ұжымдық шарттар арқылы еңбек құқығын қорғау қажеттілігі көрсетілгені маңызды. Бұл қадамсыз ешбір реформа нәтижелі болмайды. Біз алдымызға халық бақылауы жеткіліксіз салаларда қоғамдық мониторингті арттыру міндетін қойып отырмыз».

Алена Асамбаева, «Әділдік және өркендеу» қорының Атырау облысындағы өкілдігінің жетекшісі:

«Қор экономикалық көрсеткіштер өссе, халықтың табысы да артуы керектігін алға тартып отыр. Қаражаттың дені жұмыс берушілердің қалтасында болатын мұнайлы өлке үшін бұл аса өзекті. Біз қор ретінде бизнес үшін дағдарысқа қарсы жарна енгізу бастамасын көтеріп отырмыз. Мемлекет сияқты ірі компаниялар да әлеуметтік шығындарға ақша бөлуге тиіс».

Гүлнара Исенова, «Әділдік және өркендеу» қорының Павлодар облысындағы өкілдігінің жетекшісі:

«Платформада өңірлерді дамытуға көңіл бөлінгені өте маңызды. Павлодар облысы еліміздің өнеркәсіп орталықтарының бірі. Қор өнеркәсіпті қолдаудың бірыңғай бесжылдық бағдарламасын әзірлеуді ұсынып отыр. Онсыз аймақтар арасындағы өмір сүру деңгейі бойынша алшақтықты еңсеру мүмкін емес».

Қуаныш Молдақашев, «Әділдік және өркендеу» қорының Абай облысындағы өкілдігінің жетекшісі:

«Әлеуметтік платформамен танысып шықтық. Жастарға қатысты бөлімде бірнеше маңызды мәселенің шешімі ұсынылған. Әсіресе жұмыспен қамту және кадр даярлау өте өзекті!».

Анар Ізден, «Әділдік және өркендеу» қорының Қызылорда облысындағы өкілдігінің басшысы:

«Қызылорда облысында халықты жұмыспен қамту және табыс мәселесі өзекті болы тұр. Қор платформасы нақты қадамдарды ұсынады: кәсіптік бағдар беру, түлектерге арналған квоталар, сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту. Біз қазірдің өзінде кәсіпорындармен ынтымақтастық орната бастадық».

Сергей Елагин, «Әділдік және өркендеу» қорының Шығыс Қазақстан облысындағы өкілдігінің жетекшісі:

«Платформаның басты қағидаты – еңбек адамына құрмет. Президент Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Қор осы идеяны қолдап, бірқатар бастаманы қолға алды. Еңбек жағдайы жақсарып, еңбек адамының мәртебесі көтерілуі керек. Шығыс Қазақстанда көптеген зауыт-фабрика бар, біз олардан еңбек құқығын сақтауды талап етеміз».

Әйгерим Исентемірова, «Әділдік және өркендеу» қорының Маңғыстау облысындағы өкілі:

«Қоғам белсенділері мемлекеттік шығындарына қоғамдық бақылау орнату мәселесін көтеріп отыр, бұл өте дұрыс. Ұлттық қор таңдаулы топтардың емес, халықтың мүддесіне жұмсалуға тиіс. Президент Тоқаев "Ұлттық қор – балаларға" жобасын іске қосты. Біз қаражаттың ашық жұмсалуын қамтамасыз етуіміз керек».

Динара Өтебаева, «Әділдік және өркендеу» қорының Қостанай облысындағы өкілдігінің жетекшісі:

«Қазіргі таңда ең қажетті тауарлардың бағасын бақылау өте маңызды мәселе екеніне сенімдімін. Президенттің салық реформасы шағын бизнеске түсетін салмақты азайтуға көмектеседі. Ал қор делдалдардың қосымша үстемеақысын шектеуді ұсынады. Бұл тауарларды қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл барлық аймақ үшін маңызды».

Қор директоры Дана Рысмұхамедова құжатты талқылауға белсенді қатысқандарға алғыс білдірді: «Бағдарламалық құжат алдағы уақытта орындауды талап ететін тапсырмаларды айқындайды. Келесі кезең - оларды жүзеге асыру. Бүгінгі таңда «Әділдік және өркендеу» қорының аймақтық өкілдіктері «Батыс», «Солтүстік», «Оңтүстік» нақты іс-шараларының жоспарын әзірледі».

Қор жұмыскерлердің құқығын қорғау және қоғамдық бақылау саласындағы жүйелі шешімдердің негізі ретінде әлеуметтік тұғырнаманы пайдалана отырып, нақты әрекетке көшеді.