Новости КАЗ

Қордың елордадағы өкілдігі 217 адамға құқықтық көмек берді

Бүгін Астанадағы «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының қалалық өкілдігінің басшысы, кәсіби заңгер Ләззат Ахатова азаматтарды жеке мәселелер бойынша қабылдады. Қордың елордадағы филиалының қоғамдық қабылдауына заңгерлік кеңес алу үшін үш әйел адам жүгінді.

Қабылдау кезінде Ләззат Ахатова азаматтарға ҚР Қылмыстық кодексінің ережелерін, атап айтқанда, 62- баптағы «Жаза мерзімдерін есептеу және жазаны есепке алу» тармағы мен 189-баптың «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иелену немесе ысырап ету» тармағының қолданылуын түсіндіріп, келушілердің сұрақтарына жауап берді.

«Әділдік және Өркендеу» Қорының елордадағы өкілдігінің жетекшісі Ләззат Ахатованың айтуынша, бүгінгі таңда Астана мен жақын маңдағы аудандардың 217 тұрғыны ұйым заңгерлерінің тарапынан құқықтық көмек алды. Кеңес алуға өтініш білдіргендердің арасында құрылыс және тазалау компанияларының жұмысшылары, медицина қызметкерлері, көлік жүргізушілері, аспаздар, тігіншілер және басқа да мамандық иелері бар.

Көбіне, қоғамдық қабылдауда еңбек даулары (заңсыз жұмыстан босату, жалақы алмау), банкроттық, қарыздарды өндіріп алу мен алаяқтыққа қатысты істер қаралды.

Естеріңізге сала кетейік, «Әділдік және Өркендеу» Қорының қоғамдық қабылдаулары ел өңірлерінде де жұмыс істейді, кез келген азамат мұнда кеңес алу үшін жүгіне алады.

Сонымен қатар қазақстандықтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Қор белсенділері «Әділдік құқығы» онлайн жобасын іске қосты. Жоба шеңберінде білікті заңгерлер азаматтардың adildik.org.kz@gmail.com электрондық поштасы арқылы жіберілген сұрақтарына жауап береді.