Новости КАЗ

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының Ақмола облысындағы өкілдері жіберген гуманитарлық жүк СҚО-на келіп жетті

Қазір Солтүстік Қазақстан облысы су тасқынының салдарымен күресуде. Облыста 2 жарым мыңнан астам үйді су басты. 14 мыңға жуық адам баспанасынан айырылды. Табиғи апаттан зардап шеккен жерлестерге жан-жақтан гуманитарлық көмек көрсетілуде. «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының ақмолалық белсенділері де бей-жай қарап отырмай, осыдан бірер күн бұрын СҚО-ға жылу жіберген болатын. Осы гуманитарлық көмек діттеген жеріне жеткізілді. Оны Қордың жергілікті белсенділері қабылдап алды.

«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының Ақмола облысындағы өкілдері теріскейге көмектерін жеткізді. Олар қазіргі таңда ең қажетті деген азық-түлікті әкелді. 1,5 тоннадан астам жәрдем тілсіз жау салдарынан қиын жағдайда қалған жандарға үлестірілді»,-деді «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының СҚО-ғы белсендісі Гүлнар Қалиева.

Айта кетерлігі, «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ-на керек-жарақтарды сатып алуға Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің құқықтану кафедрасы, «Жастар парламенті», «Желтоқсан 1986 Ақмола» қоғамдық бірлестігі және Көкшетау қаласы әкімдігі қолдау көрсетті. Қоғам белсенділері зардап шеккен аймаққа қазіргі уақытта ауадай қажет болып тұрған ауыз су, ұн, өсімдік майы, макарон, пияз сияқты барлығы 1,5 тоннадан астам азық-түлік өнімдерін жіберді.
Естеріңізге сала кетейік, су тасқыны кезінде «Әділдік және Өркендеу» Қорының Түркістан облысы, Шымкент және Астана қалаларындағы өкілдері де зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық жүктер жіберген болатын. Ал, Қостанай өңірінің белсенділері керек-жарақпен қатар моторлы қайық сатып алып, техниканы Торғай өлкесіне жөнелтті. Қор өкілдері су тасқыны болған аймақтағы белсенділер құтқарушыларға бөгеттер мен қорғаныс құрылыстарын салуға да қатысты. Сонымен қатар ұйым қызметкерлері су тасқынынан зардап шеккен облыс тұрғындарының атына бір күндік табысын аударды.