ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ өндірістердегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бастамаларын қолдайды
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорымен Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты.
Ведомствоның вице-министрі Азамат Бейісбеков Қордың көшбасшылары жіберген хатқа жауап беріп, заман талабына сай еңбекті қорғау жүйесін қалыптастыруға көмектесуге даяр екенін жеткізді.
Естеріңізге салайық, «Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындарындағы еңбек қауіпсіздігі техникасы» дөңгелек үстеліне қатысушылар атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша қорытынды құжатқа қол қойды. Мәселен, жиында жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасында өркениетті диалог жүйесін дамыту және «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының жанында Еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық комиссиясын құру туралы шешім қабылданды. Комиссияға жұмыс берушілердің өкілдері, мемлекеттік органдар, кәсіподақтар және еңбек қауіпсіздігі саласының сарапшылары кіреді. Бұл кәсіпорындардағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталатын шараларды әзірлеп, жүзеге асыру кезінде пікір және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ саладағы қауіпсіздік және заңнама нормаларын орындау кезінде бақылауды күшейту қажеттілігіне басымдық беріледі.
Қолданыстағы заңға жұмыс берушілердің жұмысшыларды қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз етуіне байланысты жауапкершілігін арттыру ұсынылды.
Жұмысшылардың өзекті түйткілдері мен қажеттіліктерін анықтау үшін өнеркәсіптік кәсіпорындарда мониторинг жүргізу көзделіп отыр. Соның арқасында жұмысшылармен кері байланыс орнату, мәселелерді дер кезінде шешу мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді шараларын ұйымдастыру мүмкін болады.
Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі техникасын сақтау жөніндегі қоғамдық комиссияның төрағасы Шәмші Хамзенің пайымдауынша, жұмыс тәжірибесі бар мамандар кеніштердегі түйіткілдер жайында кеңінен ақпарат бере алады.
Яғни нормативтік құқықтық базаны жетілдіру қажет. Қоғамдық комиссия бұл жұмысты ілгерілету үшін ұсыныстар жинайды. Заңдарды әзірлегенде қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысатын мамандардың пікірлері ескерілуі тиіс.
«Жұмысшылар көзге көрінбейтін дүниелерді байқап отырады. Олар дұрыс емес орнатылған баспалдақтан бастап, тау-кен өндірісі мен карьерлердегі бекітілген паспорттардың немесе жол карталарының сәйкес келмейтінін, судың уақытылы сорып алынбағанын біледі», - деді спикер.
Өндірістегі қауіпсіздік - инновация, адами ресурстар және жабдықтау сынды үш негізгі тетіктен тұратын ауқымды мәселе. Осылардың бірін болса да үнемдеу қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін. «Қорғау» Көмір өндірушілер кәсіподағының бас техникалық инспекторы Андрей Лукиннің пікірі осыған саяды.
«Жұмыс берушінің мемлекеттік органдардан жасыратын деректерін анықтау - қоғамдық бақылау мен қоғамдық комиссияның басты міндеті. Жұмысшылар өз қызметіне кіріскеннен кейін, олардың қызметтік нұсқаулық пен Бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығында көрсетілген барлық функционалдық міндетін атқарып жатқандығын тексеру керек. Яғни анықтама қағаздарын жазу, учаскедегі адам саны, технологиялық карталарды алу, кәсіптік міндеттердің орындалуын бақылау қажет. Кеншілер жұмыс істейтін санитарлық-тұрмыстық жағдай, арнайы жабдықтар мен жеке қорғаныс құралдарына да назар аударылуы тиіс. Яғни, қауіпсіздік техникасын емес, өндірістегі жұмысқа дайындықты қадағалаған жөн», - деп түсіндірді «Қорғау» Көмір өндірушілер кәсіподағының бас техникалық инспекторы Андрей Лукин.
Жауапты ведомство өкілдері жабық өнеркәсіптік нысандар мәселесінен хабардар. Вице-министрдің айтуынша, қазір тау-кен, көмір, металлургия, химия және өнеркәсіптің басқа салаларындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыру ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің құзырына кіреді.
Өңірлерде ведомствоның мұндай кәсіпорындарға кіруге рұқсат берілген аумақтық бөлімшелері бар.
Ал, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қызметкерлері кәсіпорындарға тек олардың басшылығымен алдын ала келісім бойынша ғана кіре алады.
«Алайда өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі Министрліктің тұрақты бақылауында. Қауіпсіздік мәселелерін қарастыратын әлеуметтік әріптестік орнатылып, әлеуметтік және еңбек қарым-қатынастарын реттейтін үшжақты салалық комиссиялар құрылды.
Салалық комиссиялар тау-кен металлургиясы, химия, ағаш өңдеу өнеркәсібі және машина құрастыру салаларын қамтиды», -деп түйіндеді А. Бейісбеков. Ол Қоғамдық қор және Комиссия сарапшыларымен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты.