Новости КАЗ

«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ Түркістан өңіріндегі өкілдік жетекшісі халықаралық телеарнаға сұхбат берді

«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ Түркістан облысындағы өкілдік жетекшісі Әдемау Толысбаева халықаралық «Turkistan» телеарнасына сұхбат берді. Белсенді Қоғамдық қордың мақсаты мен бағдарламасын көпшілікке толыққанды таныстырды.

«Қарапайым еңбек адамының сөзін сөйлейтін, билік пен бұқара арасында алтын көпір болатын «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қоры жақында ғана құрылды. Мақсатын айқындап, Манифест-Үндеуін жариялады. Басты мақсатымыз - еңбек адамының құқықтары қорғалып, өз елінде бай, бақытты ғұмыр кешуіне мүдделі орта қалыптастыру. «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қоры - еліміздегі еңбек адамдарының құқығын қорғайтын, әділеттілік арқылы өркендеуге жол бастайтын белсенділер тобы»,-деді өкілдік жетекшісі.

Ә.Толысбаева «Әділдік және Өркендеу» Қорының бастамасымен көтерілген ел тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік проблемалар жайында сөз қозғап, атқарылған жұмыстың нәтижелерімен бөлісті.

«Астана қаласында «Жұмысшылардың өндірістегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жөнінде талқылау өтіп, Үкіметке нақты ұсыныстар жолданды. Сондай-ақ белсенділер қоғамда қордаланып жүрген «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және денсаулық сақтау саласына қатысты проблемалар» тақырыбында сессиялық талқылау ұйымдастырды», – деді спикер.

Сұхбат барысында Түркістан өңіріндегі өкілдік жетекшісі Қор белсенділерінің елімізде болған су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға алғашқылардың бірі болып гуманитарлық көмек жібергенін ерекше атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қордың Астанадағы филиалының жетекшісі Ләззат Ахатова Қазақ радиосына, Шымкент қаласындағы өкілдік басшысы Эльенора Ағабекқызы «HAN-TV» телеарнасына, Ал Қостанай өңіріндегі жетекші Амандық Әмірхамзин «Қостанай таңы» газетіне сұхбат берген. Белсенділер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қазақстандықтарға «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ мақсат-міндеттері жайлы баяндап, Қор жариялаған Манифест-Үндеуді таныстырды. Олар барша азаматты бей-жай қарамай, Қор жақтастары қатарына қосылып, ел дамуына өз үлесін қосуға шақырды.