Новости КАЗ

«Әділдік және Өркендеу» Қорының ақмолалық белсенділері Бұланды ауданындағы ауыл тұрғындарына үй кептіру құралдарын жіберді

Ақмола өңірі - биылғы су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың бірі. Жергілікті Бұланды ауданында 4-5 елді мекенді су басты. «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ Ақмола облысындағы белсенділері осында орналасқан Иванковка ауылына гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Мұнда бірнеше жылдар бойы апаттық жағдайда болған бөгенді су шайып, елді мекеннің басым бөлігі су астында қалды.

Игі шара «Agro Norm» ЖШС-нің демеушілігі және Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, «Жастар парламенті», «Желтоқсан 1986 - Ақмола» қоғамдық бірлестігі қолдауының арқасында жүзеге асты.

Қарғын судан зардап шеккен ауыл тұрғындарына арнайы кептіру құрылғылары, ауыз су, матрас, азық-түлік сияқты 2 тоннаға жуық жүк жеткізілді.

«Бұландыға гуманитарлық көмек көрсету үшін біз жергілікті кәсіпкерлер мен ұйымдарға жүгініп, қолдау көрсетуге өтініш жасадық. Мәселен, «Agro Norm» компаниясы 1 миллион теңге бөліп, Астанадан үйді кептіруге арналған 10 құрылғы сатып алып берді. Қалған ұйымдар матрастар мен азық-түлік алуға демеу болды. Жергілікті еріктілер келіп, бізге осы жүктерді тиеуге атсалысты», - деді «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ Ақмола облысындағы өкілдік жетекшісі Бақыт Смағұл.

«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ жергілікті белсенділері жиналған жылуды Иванковка ауылына өздері жеткізді. Сондай-ақ зардап шеккен тұрғындарға мемлекеттен өтемақы алу жөнінде білікті заңгерлер ақыл-кеңестерін айтты.

Қиын-қыстау кезеңде өңірдің әр түкпірінен ешкім қалыс қалмай қолдарынан келгенше көмек көрсетіліп жатқанын айтқан ауыл адамдары қайырымдылық жасағандарға шынайы ризашылықтарын білдірді.
Естеріңізге салайық, бұған дейін «Әділдік және Өркендеу» ҚҚ Ақмола облысындағы белсенділері Солтүстік Қазақстан өңірінде зардап шеккен халыққа 1 жарым тонна гуманитарлық жүк жөнелткен болатын. Кейін олар Атбасар тұрғындарына да қол ұшын созды. Қордың Түркістан облысы, Шымкент және Астана қалаларындағы өкілдері де зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жіберді. Ал, Қостанай өңірінің белсенділері керек-жарақпен қатар моторлы қайық сатып алып, техниканы Торғай өлкесіне жөнелтті. Қор өкілдері су тасқыны болған аймақтағы белсенділер құтқарушыларға бөгеттер мен қорғаныс құрылыстарын салуға да қатысты. Сонымен қатар ұйым қызметкерлері су тасқынынан зардап шеккен облыс тұрғындарының атына бір күндік табысын аударды.